2026 жылғы 18 наурызда Алматыда Ұлттық киім күніне орай Alatau Creative Hub орталығында «Этно-Fashion» ұлттық киімдер флешмобы және «Ұлттық сезім» атты іс-шарасы өтті, деп хабарлайды QazMonitor.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық киімдерінің тарихи және мәдени маңызын насихаттау, этно-fashion бағытын дамыту және дәстүрлі мұраны заманауи сән индустриясымен үйлестіру.
Жиындарға дизайнерлер, қоғам белсенділері және сәнге қызығатын студенттер қатысып, ұлттық мұраға деген қызығушылықтарын танытты.
Бағдарлама барысында көрермендерге ұлттық киімнің тек мерекелік емес, күнделікті өмірге де лайық стиль екені көрсетілді. Сондай-ақ оның ерекшеліктері, мағынасы мен тарихы таныстырылып, арнайы бейне-викторина ұйымдастырылды.
Сән көрсетілімінде Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығы президенті Айгүл Жансерікованың «Aigul Line» топтамасы, «Alatau» орталығының «Юная модель» үйірмесінің «Алаша» топтамасы, сондай-ақ Adel Model Academy және Icon Modeling модельдері ұсынылды.
Ал «Ұлттық сезім» іс-шарасында тігінші-дизайнер, «Ару-Ай» брендінің негізін қалаушы, «Алтын алқа» иегері Сандуғаш Мырзабекқызы ұлттық киімнің мәні мен оның қазіргі сәндегі орны туралы пікір білдірді.
Жиын соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен кітаптар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлттық мәдениетті дәріптеп, оны заманауи стильмен үйлестіруге ықпал етеді.