«Астана Опера» театрының Павлодар қаласындағы гастролі жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды QazMonitor. Елордадан келген өнер ұжымы ұсынған бағдарламаны шамамен 2000 көрермен тамашалады.
Естай атындағы қалалық Мәдениет сарайының сахнасында павлодарлық көрерменге Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсы ұсынылды. Қойылымға театрдың солистері, оркестрі, хоры және миманс әртістері қатысты.
Гастрольдік бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдер аудиториясына ерекше көңіл бөлінді. Жас көрермендер үшін «Музыка сурет салып, әңгімелейді» циклынан интерактивті форматта танымдық концерт өтті. Қатысушылар әлемдік және қазақ музыкалық классикасының туындыларымен танысты.
Концерт барысында халық әні «Аққурай», Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармасы, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, сондай-ақ Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні орындалды. Осылайша, гастрольдік сапар аясында академиялық өнер, оның ағартушылық мәні және ұлттық музыкалық мұра кеңінен дәріптелді.
Іс-шара аясында Мәдениет сарайының фойесінде тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды..