Салалық қауымдастықтардың басшылары, туризм бизнесінің өкілдері, квазимемлекеттік ұйымдар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысқан жиында «Туризм саласын дамыту тұжырымдамасын» жаңарту және саланы дамытуға бағытталған негізгі басым бастамаларды іске асыру талқыланды, деп хабарлайды QazMonitor.
Талқылау барысында жаңа іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бизнес пен салалық бірлестіктердің қатысуы маңызды екені ерекше айтылды. Кездесуде қонақ үй қорының жеткіліксіздігі, кадр тапшылығы, көлік қолжетімділігі және инвестиция тарту мәселелері көтерілді. Бизнес өкілдері мемлекеттік қолдауды күшейтіп, министрлікпен серіктестікті дамыту ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша Туризм индустриясы комитетіне туристік инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және жергілікті атқарушы органдарды жобаларды іске асыруға тарту бағытында нақты тапсырмалар берілді.