Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚКО) дайын құжаттарды өзіңізге ыңғайлы уақытта алуға постамат қызметін пайдалану мүмкіндігі бар, деп хабарлайды QazMonitor. Аталмыш сервис тәулік бойы, соның ішінде демалыс пен мереке күндері де жұмыс істейді.
Постаматтар жаңартылған ХҚКО ғимараттарында және тәулік бойы ашық аймақтарда орналасқан. Құжат дайын болған кезде азамат оны маманға жүгінбей-ақ, жеке ұяшықтан өзі ала алады.
Қызметті рәсімдеу барысында өтініш берілген кезде дайын құжатты алу тәсілі ретінде постаматты таңдау қажет. Құжат постаматқа салынғаннан кейін телефон нөміріне SMS-хабарлама келеді.
Дайын құжатты үш күн ішінде алу қажет. Егер осы мерзімде алынбаса, құжат кейін ХҚКО маманы арқылы әдеттегі тәртіппен беріледі.
Қазіргі таңда постаматтар еліміздің 10 өңірінде орнатылған. Олар арқылы мемлекеттік қызметтердің 19 түрі бойынша дайын нәтижелерді алуға болады. 2026 жылы бұл қызметтің құны 518 теңгені құрайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша постамат қызметін ең көп пайдаланған қалалар — Семей, Тараз және Түркістан.