2025 жылы Қазақстанға тұрақты тұруға 23 761 адам келсе, елден 7 608 адам көшіп кеткен, деп хабарлайды QazMonitor.
Нәтижесінде сыртқы көші-қон сальдосы +16 153 адамды құрап, елде үшінші жыл қатарынан оң көші-қон балансы қалыптасты
Статистикаға сәйкес, 2024 жылмен салыстырғанда елден кеткендер саны 40,2%-ға азайған, ал Қазақстанға келгендердің саны 18,9%-ға төмендеген. Сарапшылар мұны көші-қон ағындарының тұрақтана бастауы және еңбек нарығындағы өзгерістермен байланыстырады.
Қазақстанның сыртқы көші-қоны негізінен ТМД мемлекеттерімен байланысты. Барлық келгендердің 81,8%-ы, ал кеткендердің 71,8%-ы осы елдермен алмасуға тиесілі.
Ал ТМД-дан тыс мемлекеттер арасында Қазақстанға көшіп келушілер көбіне Қытай, Моңғолия және Германия елдерінен келген. Ал елден кеткен азаматтардың негізгі бағыттары – Германия, Польша және АҚШ.
Қай өңірлер көбірек тартымды?
Елге келгендердің басым бөлігі тұрақты тұру үшін экономикалық белсенді өңірлерді таңдаған. Ең көп қоныс аударушылар:Алматы облысы – 5 754 адам, Алматы – 4 068 адам және Маңғыстау облысы – 3 562 адам. Ал елден кеткендердің көрсеткіші келесідей: Қарағанды облысы – 1 451 адам, Алматы – 757 адам және Шығыс Қазақстан облысы – 685 адам.
Сыртқы көші-қонға қатысушылардың басым бөлігі 35–39 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азаматтар. Көшіп келгендер мен кеткендердің арасында техникалық және экономикалық мамандық иелері көп.
Сонымен қатар 2025 жылы ел ішіндегі көші-қон 13,6%-ға артқан. Халықтың негізгі ағыны ірі мегаполистер мен экономикалық орталықтарға бағытталған. Өңіраралық көші-қонның ең жоғары оң сальдосы мына аймақтарда тіркелді: Астана – 87 459 адам, Алматы – 33 126 адам, Шымкент – 15 130 адам және Алматы облысы – 12 110 адам.