Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгереді
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 14 сәуір, 2026 | 10:01
1 мин. - оқу уақыты

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгереді

Жаңа жүйе сыбайлас жемқорлықты азайтып, жүргізушілерді даярлау сапасын арттыруға бағытталған

freepik
freepik

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібі айтарлықтай өзгереді. Үкімет емтихан тапсыру рәсімін жетілдіру бойынша бірқатар жаңа шараларды бекітті, деп хабарлайды QazMonitor.

Премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңесте негізгі өзгерістер жүргізуші куәлігін алу процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.

Жаңа ережеге сәйкес, азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыра алады. Алайда әр әрекет арасында кемінде 10 күнтізбелік күн болуы тиіс.

Қазіргі жүйеде үш тегін мүмкіндік қарастырылған: алғашқы екеуі бір күн аралықпен, үшіншісі 30 күннен кейін беріледі. Егер үміткер бұл мүмкіндіктерді пайдаланып үлгермесе, қайта оқудан өтуі қажет болатын. Үкіметтің бағалауынша, бұл талап кей жағдайда азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін тәуекелдер туғызған.

Сонымен қатар емтихан процесіне заманауи технологиялар енгізіледі. Атап айтқанда, теориялық емтихан кезінде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық сынақта компьютерлік көру (Computer Vision) жүйелері қолданылады. Бұл тыйым салынған құрылғыларды пайдалану тәуекелін азайтып, бұзушылықтарды нақты тіркеуге мүмкіндік береді.

Ұлттық тестілеу орталығының Астанадағы филиалында пилоттық жоба іске қосылып, академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сынақтан өтеді. Кейін бұл шешімдерді бүкіл ел бойынша енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ теориялық емтихан сұрақтарына психометриялық талдау жүргізіліп, олардың жүргізушінің қауіпсіздік дағдыларын шынайы бағалау қабілеті тексеріледі.

Үкімет цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін күшейтуді де көздеп отыр. Бұл мақсатта жүргізуші куәлігін алу процесіне қатысты ақпараттық жүйелерді аса маңызды объектілер қатарына енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл заңсыз араласу мен алаяқтық үшін жауапкершілікті күшейтуге, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, емтихан кезінде ереже бұзғандарға қатысты әкімшілік шаралар күшейтіледі. Тыйым салынған техникалық құралдарды – микроқұлаққаптар, микрокамералар немесе байланыс құрылғыларын пайдаланған жағдайда теориялық емтихан тапсыру құқығынан бір жылға дейін айыру қарастырылған.

Автомектептердің қызметіне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Олардың жұмысы жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың пікірлері негізінде бағаланады. Сонымен қатар автомектептерді лицензиялау енгізіліп, талаптарды орындамаған жағдайда лицензиядан айыру мүмкіндігі қарастырылған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.