Сатылған дәрілердің арасында антибиотиктер және созылмалы ауруларды емдеуге арналған препараттар бар, деп хабарлайды QazMonitor.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, бүкіл ел бойынша дәріхана ұйымдарында мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің көлемі (ТМККК) шеңберінде қамтамасыз етуге арналған 4114 препараттың сатылғаны анықталған.
74 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізу нәтижесінде 31 нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдардың жалпы сомасы 12,3 млн теңгені құрады. Сондай-ақ 43 ұйымға бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді.
«Науқастарға ТМККК аясында берілген дәрілердің заңсыз сатылу фактілері анықталды. Бірқатар жағдайларда медициналық ұйымдар арқылы берілген препараттар дәріхана желілеріне түскені белгілі болды. Анықталған позициялар арасында инфузияға арналған натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, кейбір антибиотиктер және созылмалы ауруларды емдеуге арналған препараттар бар», деді Денсаулық сақтау министрлігінде.
Сонымен қатар «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ақпараты бойынша, таңбалау кодтарын пайдалануда жүйелі бұзушылықтар тіркелген: 35 537 қайта шығару жағдайы, әртүрлі қатысушылардың бір кодты 480 752 рет пайдалануы анықталған, сондай-ақ 1140 нысан 15 614 кодты қайтадан айналымнан шығарғаны белгілі болды.
Анықталған фактілер бойынша материалдар Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігіне және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жіберілді.