Ыстамбұл қаласында өткен VIII халықаралық Ethnosport Culture Festival аясында Қазақстан ұлттық тазы тұқымын таныстырды. Ел намысын Балқаш пен Баянауыл өңірлерінен апарылған тазы иттері қорғады. Солардың ішінде Балқаш қаласының тұрғыны Ағыбай Жасанбековке тиесілі Ақбақай есімді тазы көрермендердің ерекше ықыласына ие болды, деп хабарлайды QazMonitor.
Төрт күнге созылған халықаралық фестивальге әлемнің 20-ға жуық елінен өкілдер қатысты. Қазақстан делегациясы тазы өсірумен қатар, ұлттық аңшылық өнерінің бірегей дәстүрі – бүркітшілікті де таныстырды.
Шетелдік фестивальге алғаш рет қатысқан Ақбақай бірден қонақтардың назарын аударды. Тазыға арнайы медаль табысталып, көрермендер оның тектілігіне, сабырлы мінезіне және адамға жақын болмысына жоғары баға берген. Қазақы тазыға Дүниежүзілік этноспорт федерациясының өкілдері де қызығушылық танытқан.
Ақбақайдың иесі Ағыбай Жасанбеков фестивальге өзі бара алмағандықтан, тазыны оның серіктесі Айбат Төлеуов таныстырған.
«Өкінішке қарай, өзім бара алмадым. Сондықтан Ақбақайды досым алып барды. Бірақ біздің тазы алыс елде талай адамның жүрегін жаулады деуге толық негіз бар. Қазақ тазысына қызығушылық танытқандар көп болды. Тіпті сатып алуға ниет білдіргендер де кездесті», – деді ол.
Ағыбай Жасанбеков қазақ тазысы мен төбет өсірумен 20 жылға жуық уақыт айналысып келеді. Ақбақай Маңғыстау өңірінен бір айлық кезінде әкелінген. Осы уақыт ішінде қоян мен түлкі аулауға бауланып, шырға тарту бойынша аудандық жарыстарға қатысқан.
Қазір екі жасқа толған Ақбақайдың иесі оның шапшаңдығы мен төзімділігін, жоғары зеректігін ерекше атап өтеді. Болашақта Балқаш қаласында қазақ тазысының тұқымын сақтап, дамытуға арналған арнайы питомник ашуды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта ол Айбат Төлеуовпен бірге әуежай маңындағы аумақта тазы иттерін жаттықтырады. Алайда бұл жер толыққанды жұмыс жүргізуге қолайлы емес. Себебі мұнда иттермен қатар ұлттық спортқа арналған жылқылар да ұсталады.
«Бүгінде қазақ тазысына ұлттық мұраның маңызды символы ретінде ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондықтан бұл тұқымды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – бәрімізге ортақ міндет», – деді Ағыбай Жасанбеков.