Түркістан облысында гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені және арнайы сауда орталығын салу жобасы талқыланды. Инвестициялық жобаны Қытайдың Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd. компаниясы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Жоба өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттыруға, гүл шаруашылығы мен сәндік өсімдіктер өндірісін дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Тараптар жобаның техникалық және қаржылық тетіктерін, құрылыс кезеңдерін, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін және өндірілетін өнімді ішкі әрі сыртқы нарыққа шығару мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.
Компания өкілдерінің айтуынша, кешенде гүлдер мен декоративті ағаштардың түрлі сұрыптары өсіріліп, заманауи агротехнологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізіледі. Бұл өнім сапасын арттырып, жыл бойы үздіксіз өндіріс жүргізуге мүмкіндік береді. Жоба аясында гүл өсірумен қатар, өнімді өткізу және туристік бағытты дамыту да көзделген.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық жобаны іске асыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.