Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Astana Hub қазақстандық геймдев мамандарын халықаралық нарыққа дайындайтын тегін бағдарламаға өтінім қабылдайды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 07 тамыз, 2026 | 18:45
2 мин. - оқу уақыты

Astana Hub қазақстандық геймдев мамандарын халықаралық нарыққа дайындайтын тегін бағдарламаға өтінім қабылдайды

GamePreneurs 2026 қатысушыларға команда құрып, MVP әзірлеуге және жобасын инвесторлар мен ойын баспаларына таныстыруға мүмкіндік береді

Artem Podrez/Pexels
Artem Podrez/Pexels

Astana Hub GamePreneurs 2026 атты GameDev саласы мамандарына арналған ауқымды акселерациялық бағдарламаға өтінім қабылдауды бастады. Бағдарламаның басты мақсаты – қатысушыларды тек ойын әзірлеуге үйрету ғана емес, халықаралық нарыққа шығуға дайын өнім жасауға көмектесу. Өтінімдер 2026 жылғы 31 тамызға дейін қабылданады.

Бағдарлама әзірлеушілерге, геймдизайнерлерге, 2D/3D-суретшілерге, дыбыс дизайнерлеріне, QA-мамандарына, продюсерлерге, product және project-менеджерлерге, сондай-ақ ойын индустриясындағы өзге де мамандарға арналған. Дайын командасы жоқ қатысушылар да өтінім бере алады, өйткені командаларды жасақтау бағдарламаның бір бөлігі болады.

«GameDev және IT саласында дарынды мамандар көп болғанымен, олардың көбі өз жобасын команда таба алмағандықтан немесе ойын идеясын дайын өнімге айналдыру жолын білмегендіктен іске қоспайды. GamePreneurs 2026 дәл осы кедергіні азайтып, қатысушыларға тұжырымдамадан бастап MVP әзірлеуге, оны нақты пайдаланушылар арасында сынауға және баспагерлермен жұмыс істеуге дайындалуға дейінгі жолдан өтуге мүмкіндік береді», – дейді Astana Hub технологиялық орталықтар кеңсесінің директоры Анарбек Өтегұлов.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – 3-4 аптаға созылатын Pre-Accelerator кезеңі. Осы уақыт ішінде қатысушылар бір-бірімен танысып, 2–5 адамнан тұратын командалар құрып, ойын идеясын пысықтап, әзірлеу және ойын кәсіпкерлігі құралдарын меңгереді.

Одан кейін командалар 9–12 аптаға созылатын негізгі Accelerator кезеңіне өтеді. Бұл кезеңде олар нарықты зерттеу, MVP әзірлеу, гипотезаларды тексеру, өнім метрикаларын жинау, soft launch кезеңіне дайындық және финалдық pitch таныстырылымына дейінгі барлық кезеңнен өтеді.

Қатысушылар апта сайынғы менторлық сессияларға, геймдизайн, техникалық өндіріс, арт-пайплайн, дыбыс дизайны, QA, маркетинг, монетизация, аналитика және жобаны таныстыру бойынша шеберлік сабақтарына қатысады. Сонымен қатар бейнеойын әзірлеу саласының тәжірибелі мамандарынан жеке консультациялар алады. Командаларға UA-тестілеу, аналитикалық құралдар мен Astana Hub инфрақұрылымы қолжетімді болады. Бағдарлама финалистері өз жобаларын Demo Day аясында инвесторлар мен ойын баспаларының өкілдеріне таныстырады.

GamePreneurs 2026 бағдарламасына қатысу тегін. Өтінімдерді IT және/немесе GameDev саласында тәжірибесі немесе құзыреті бар, жасы 18-ден асқан Қазақстан және басқа елдердің азаматтары бере алады.

Өтінімдер 2026 жылғы 31 тамызды қоса алғанда қабылданады. Қатысушылар Astana Hub платформасы арқылы тіркеліп, өз ойын жобасын халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған бағдарламаның қатысушысы бола алады.

Еске салайық, бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 2028–2045 жылдарға арналған Astana Hub қатысушыларын қолдау шараларын әзірлеуге кіріскен болатын. Қазіргі уақытта Astana Hub экожүйесінде 20 өңірлік және төрт халықаралық хаб жұмыс істейді. Шетелдік алаңдар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап халықаралық нарыққа шыққан.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.