eGov.kz платформасы мен eGov Mobile қосымшасында жақын адамдарға ауруханаға түскеніңіз туралы хабарлайтын сервис пайда болды, деп хабарлайды Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«eGov.kz платформасында және eGov Mobile қосымшасында алдын ала үшке дейін сенімді байланыстағы адамды көрсетуге болады. Егер сіз ауруханаға түсіп, жақындарыңызбен өзіңіз байланыса алмай қалсаңыз, оларға тиісті хабарлама жіберіледі», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Сервисті қосу үшін eGov порталынан «Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенімді байланыстағы адамдарды тіркеу» қызметін таңдап, сенімді адамның ЖСН-ын көрсету қажет.
Сенімді байланыстағы адам 18 жастан асқан және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек.
eGov Mobile қосымшасында сервис «Мемлекеттік қызметтер» → «Денсаулық сақтау» бөлімінде қолжетімді.
Сервис тегін көрсетіледі және шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған жағдайда кімге хабарлау қажет екенін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін қазақстандықтар eGov.kz арқылы МӘМС-тегі сақтандыру мәртебесін тексере алатыны хабарланған болатын.