Маңғыстау облысында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлауынан теңізге 19 әскери қызметшіні жел ұшырып әкетті. Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметінше, тоғыз адам қаза тапқан, үшеуі құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іздеу-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері мен авиация жұмылдырылды.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздеу-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған министрлік комиссиясы шұғыл аттанды. Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі», – делінген хабарламада.
Іздеу операциясының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы жаңа ақпарат расталуына қарай жарияланып отырады.
Еске салайық, 22 қыркүйекте Каспий теңізінің Қазақстан секторында «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы басталған болатын. Маневрлерге 500-ден астам әскери қызметші қатысып жатыр.