Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстандық ғалымдар отандық шикізаттан ферротитан өндіру технологиясын әзірлеп жатыр
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 30 қыркүйек, 2026 | 17:33
2 мин. - оқу уақыты

Қазақстандық ғалымдар отандық шикізаттан ферротитан өндіру технологиясын әзірлеп жатыр

Жас зерттеушілер кондицияға сай келмейтін ильменит концентраттары мен күлділігі жоғары көмірді пайдаланудың мүмкіндігін зерттеуде

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының жас ғалымдары отандық шикізатты пайдалана отырып, ферротитан өндіру технологияларын әзірлеп жатыр. Зерттеу жұмыстары металлургиялық өндірістің тиімділігін арттыруға және Қазақстанның минералдық шикізат қорын өңдеуге барынша кеңінен тартуға бағытталған.

Ферротитан қазіргі металлургияда сұранысқа ие материалдардың бірі. Оның құрамындағы титан болаттың құрылымын реттеп, пайдалану қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ферротитанды өндірудің қолжетімді әрі технологиялық тұрғыдан тиімді тәсілдерін әзірлеу маңызды бағыттардың бірі саналады.

Бұл бағыттағы зерттеулерді «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ның Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты филиалының жас зерттеушілері жүргізіп келеді. Ғалымдар кондицияға сай келмейтін ильменит концентраттары мен күлділігі жоғары көмір негізіндегі кешенді титан құрамды тотықсыздандырғыштарды пайдаланып, ферротитан алу технологияларын әзірлеуде.

Зерттеу барысында бастапқы материалдардың физика-химиялық қасиеттері зерделеніп, термодинамикалық модельдеу жүргізіледі. Сонымен қатар зертханалық және ірілендірілген зертханалық балқыту жұмыстары атқарылады.

Атап айтқанда, құрамындағы титан мөлшері 65%-дан асатын ферротитанды алу үшін әзірленген кешенді титан құрамды қорытпаны пайдалану мүмкіндігі зерттеліп жатыр.

Ғалымдардың айтуынша, алынған нәтижелер отандық шикізатты металлургиялық өңдеуге барынша толық тартуға және минералдық шикізатты кешенді өңдеу технологияларын одан әрі жетілдіруге ғылыми-технологиялық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар зерттеу сұранысқа ие металлургиялық материалдар өндірісінде ресурсты үнемдейтін шешімдер әзірлеуге бағытталған.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – жас мамандарды даярлау және оларды ғылыми зерттеулерге тікелей тарту.

«Жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі – жаңа буын мамандарын даярлау. Зерттеулерге жас ғалымдар, мамандар мен студенттер, соның ішінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Ұлттық зерттеу технологиялық университеті «МИСиС»-тің магистранттары, сондай-ақ магистрлер мен бакалаврлар қатысады. Олар тәжірибелер жүргізуге, үлгілерді дайындауға, алынған нәтижелерді өңдеп, талдауға атсалысып, ғылыми-зерттеу жұмысының практикалық тәжірибесін жинақтайды», – дейді Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Наталья Лу.

Зерттеу жұмыстары Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының минералдық және техногендік шикізатты кешенді өңдеу, тотықсыздандыру үдерістері мен жаңа металлургиялық материалдар алу бағыттарындағы ғылыми жұмыстарының жалғасы саналады.

Жас зерттеушілер институтта қалыптасқан ғылыми әлеуетті одан әрі дамытып, Қазақстанның металлургия ғылымы мен өндірісіне жаңа технологиялық шешімдер енгізуге үлес қосып келеді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.