Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын жолдың учаскесі ашылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 06 қазан, 2026 | 14:34
1 мин. - оқу уақыты

ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын жолдың учаскесі ашылды

Бұл жол өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызды инфрақұрылымының бірі

Qazaqstan Monitor: ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын жолдың учаскесі ашылды

Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары жолының 437-450 шақырым аралығындағы учаскесі пайдалануға берілді. Бұл туралы ШҚО әкімдігі хабарлады.

Жоба 2025-2026 жылдары жүзеге асырылды. Жөндеу жұмыстарын «Строительная компания Зайсан» ЖШС атқарды. Ұзындығы 13 шақырым болатын жолға жаңа асфальт төселді. Сонымен қатар 17 су өткізу науасы мен 3 су өткізгіш құбыр салынды. Жолдың тиісті инженерлік және қауіпсіздік инфрақұрылымы да ретке келтірілді.

«Бұл жоба ең алдымен, өңір жұртшылығы үшін маңызды. Жаңартылған учаске жол бойындағы елді мекендер тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы қатынасты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл бағыт Катонқарағай ұлттық паркі мен Рахман қайнарына баратын туристер үшін де маңызды», - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңартылған жол учаскесі жол жүру уақытын қысқартуға және көлік құралдарының тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары бағыты өңірдің әлеуметтік-экономикалық және туристік маңызы жоғары көлік дәліздерінің бірі саналады.

Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруда көлік инфрақұрылымының сапасы ерекше маңызды. Аймақтың табиғи көрікті жерлеріне келетін туристер санының артуы жолдардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды да күшейтіп отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.