ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Жамбыл облысында мемлекет қаражаты мен активтерін пайдалану тиімділігін тексеріп, аудиторлық қорытындысын жариялады. Аудит барысында бірқатар қаржылық бұзушылықтар мен тиімсіз пайдаланылған қаражаттар анықталды.
2020-2024 жылдар аралығында облыстың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері өссе де, оның Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,7%-дан 2,3%-ға төмендеді. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестициялар көлемі 553 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе көп. Дегенмен, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша Жамбыл облысы республикалық көшбасшылардан 3,5 есе артта қалды.
Аудит барысында бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, инвестициялық жобаларды басқару, сондай-ақ «Тараз» ӘКК қызметінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Мәселен, облыс республикалық бюджеттен түсетін трансферттерге тәуелді, 2020-2024 жылдары бюджеттен түсімдер орта есеппен 80%-ды құрады. Осы кезеңде трансферттер 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге дейін өсті, ал 38 млрд теңгеден астам қаражат игерілмей қалды.
Сонымен қатар, өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасында Тараз кәріз-тазарту нысандарының болмауы, тұрғын үй кезегінің өсуі және суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларының төмен деңгейде енгізілуі сияқты өзекті мәселелер қамтылмаған.
Мемлекеттік сатып алу саласында заңсыз шарттар жасалғаны анықталды. Мысалы, Тараз қаласының ТКШ бөлімі биыл маусымда автожолдарды орташа жөндеу бойынша екі жобаға 537 млн теңгеден астам төлем жасаған, бірақ 70 күн бойы жұмыс басталмаған. Шу ауданының 18 елді мекеніне газ құбырын салу жобасы нормативтік мерзімнен алты жыл асып, 8,2 млрд теңге игерілмей қалды.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында даму көрсеткіштері нақты нәтиже бермеген, 18 индикатордан тек 5 бірлік қалдырылған.
Аудит қорытындысы бойынша 58,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 47,1 млрд теңгесі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктегі қателіктерге байланысты. Сонымен қатар, 75,6 млрд теңге тиімсіз жоспарланып және пайдаланылған.
Дереккөз: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы