Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ақтөбенің инвестштабы бес стратегиялық жоба бойынша нақты шешім қабылдады
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 13 желтоқсан, 2025 | 15:27
2 минут - оқу уақыты

Ақтөбенің инвестштабы бес стратегиялық жоба бойынша нақты шешім қабылдады

Жаңа жобалар энергетика, медицина мен өндіріс салаларын қамтиды

gov.kz
gov.kz

Ақтөбе облысында өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бес ірі инвестициялық жоба қаралды.

Өңір әкімдігі облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, «Жасыл дәліз» жобасы аясында кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуде. Кәсіп иелерін мазалаған сұрақтар мен туындаған мәселелер арнайы тетіктер арқылы қабылданып, жедел шешімін табады. Бұл бастама өңірдегі бизнес жүргізу климатын жақсартуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Отырыста өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бес инвестициялық жоба қаралды.

Соның бірі – «Эрудит бизнес» ЖШС-ның жеке бизнес мектебі. Инвестор жобаны халықаралық білім беру ұйымы «International Community Schools» (БАӘ) бірге жүзеге асыруда. Облыс әкімі 2021 жылы жер телімі берілгеніне қарамастан, құрылыс жұмыстары әлі басталмағанын айтып, жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Екінші жоба – «Аргест» компаниясының қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы. Инвестор іргетас шұңқырын әзірлеу және технологиялық жол салу сияқты дайындық жұмыстарын жүргізгенін хабарлады. Жобаны әрі қарай іске асыру үшін жер телімін жалға алу мерзімін ұзарту қажет. Облыс әкімі Хромтау ауданының әкімдігіне бұл мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.

Үшінші жоба – «Зерде ҒӨБ» ЖШС-ның дәрілік заттар қоймасының құрылысы. Құны 2 млрд теңгені құрайтын жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асырылуда. Инвестор жер телімін өз қаржысы есебінен сатып алған.

Төртінші жоба – «Orhun Medical» ЖШС-ның ядролық медицина орталығын құру. Инвестиция көлемі – 3,5 млрд теңге. Орталық жоғары технологияларды қолдана отырып, әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алып, емдеуге қауқарлы. Денсаулық сақтау басқармасы инвесторға ғимаратты ұзақ мерзімді жалға берді.

Бесінші жоба – «Ақтөбе Генерация» ЖШС-ның болат балқыту зауытының құрылысы. Бұған дейін жоба инвестициялық мәртебеге ие болған, алайда міндеттемелер орындалмаған соң бұл мәртебе кері қайтарылған. Облыс әкімі жобаның кестеден кешігіп жатқанын атап, жер телімін пайдалану мәселесін реттеу бойынша шаралар қабылдауды жауапты органдарға тапсырды.

Қорытындылай келе, Асхат Шахаров инвесторларға қолайлы жағдай жасау өңірлік экономикалық саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті. Жауапты органдарға жобаларды жүйелі сүйемелдеу, кедергілерді жою және инвесторлар міндеттемелерінің орындалуын қатаң бақылау тапсырылды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.