Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Harvest Agro Holding компаниясының негізін қалаушы Алмаз Әлсеновпен ресми кездесу өткізді.
Harvest Agro Holding компаниясы швейцариялық Harvest Group SA корпорациясының құрамына кіреді. Кездесу барысында стратегиялық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум аясында Harvest Agro Holding облыста агроиндустриялық кластер құруға ниетті. Жобаның алғашқы кезеңінде 10 мың гектар жер игеріледі. Кейінгі кезеңдерде аумақ 50 мың гектарға дейін кеңейтіледі.
Компанияның инвестициялары заманауи агроиндустриялық қуаттарды дамытуға, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және өңірдің дамуына бағытталады.
Сонымен қатар, ынтымақтастық аясында дзюдомен айналысуға арналған халықаралық стандарттарға сай екі көпфункционалды спорт орталығын салу туралы Меморандумға да қол қойылды. Олардың бірінде қонақ үй кешені қарастырылған. Жоба инвестор есебінен жүзеге асырылатын болады.
Дереккөз: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі