Қазақстанда нетто-тұтынушыларға арналған алғашқы платформа-агрегатор іске қосылды. Іс-шараға ҚР энергетика министрлігінің өкілі Жалғас Шөгелбаев қатысты.
«Бұл жоба – тек тәжірибе емес, оны басқа кәсіпорындарға да енгізуге болады. Әр қадамы нақты, қиындықсыз іске асады», – деді Жалғас Шөгелбаев.
Пилоттық жоба «Абай тігін фабрикасы» алаңында жүзеге асырылды: тұтынушы тек алаңды ұсынды, қалған жұмыстарды Green Platform өз мойнына алды.
Энергетика министрлігі нетто-тұтынушылар секторын дамыту арқылы энергияны үнемдеуді, тасымалдау шығындарын азайтуды және ұлттық энергожүйенің тұрақтылығын арттыруды көздейді. 2024 жылдан бастап шағын масштабтағы жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) орнатуға арналған заңнамалық жеңілдіктер енгізілді.
Green Platform жобасы кешенді қызмет ұсынады: күн панельдерін таңдау мен орнатудан бастап, олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге дейін барлық процесті «бір терезе» қағидасы бойынша атқарады.
Жоба Қазақстандағы энергетиканы «жасылдандыру» мүмкіндіктерін кеңейтіп, шағын және орта бизнестің жаңартылатын энергия саласына қатысуын арттырады.
Дереккөз: ҚР Энергетика министрлігі