Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. 2025 жылы Қазақстанда жүргізушісіз көлікке арналған жаңа инжинирингтік орталық іске қосылды
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 20 желтоқсан, 2025 | 17:31
1 мин. - оқу уақыты

2025 жылы Қазақстанда жүргізушісіз көлікке арналған жаңа инжинирингтік орталық іске қосылды

Шығыс Қазақстандағы университет базасында автопилот пен жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған платформа құрылды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстанның техникалық университеттері бүгінде тек кадр даярлау орталығы ғана емес, сонымен қатар елдің ғылыми-инновациялық және технологиялық дамуын ілгерілететін маңызды алаңға айналуда. Бұл үрдіс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық бастамалары аясында жүзеге асырылып, жоғары оқу орындарының нақты жобалар арқылы ғылыми әлеуетін арттыруына мүмкіндік беріп отыр.

Осы бағыттағы жарқын мысалдардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында құрылған «SMART Driving Technology» инжинирингтік орталығы. Орталық 2025 жылғы қараша айында министрліктің қолдауымен ашылып, Лу Бань шеберханасын дамытудағы логикалық жалғасына айналды. Бүгінде бұл алаң білім беру, ғылыми зерттеу және автопилот технологияларын практикалық тұрғыда сынақтан өткізуді біріктіретін толыққанды инженерлік орта ретінде жұмыс істейді.

Инжинирингтік орталықтың техникалық мүмкіндіктері кең ауқымды қамтиды. Мұнда жаңа буындағы оқу-тәжірибелік гибридті және электрлі автомобильдер, оның ішінде Changan маркалы жүргізушісіз көлік үлгілері бар. Сонымен қатар автопилотқа арналған мультисенсорлық платформалар, жасанды интеллект пен машиналық оқытуға негізделген компьютерлік көру және навигация алгоритмдері, интеллектуалды транспорттық жүйелер мен цифрлық карталар әзірленіп, тестіленеді. Қауіпсіз қозғалыс сценарийлерін пысықтауға арналған цифрлық қосымшалар мен AR/VR-симуляторлар да орталықтың маңызды бөлігі саналады.

Аталған инфрақұрылым университеттің жүргізушісіз көлік, жасанды интеллект және смарт-транспорт саласындағы зерттеулерді жүйелі түрде дамытуына жол ашты. Соның нәтижесінде ШҚТУ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жүргізушісіз такси үшін цифрлық картаны әзірлеу жөніндегі пилоттық жобасына тартылды. Жоба аясында «SMART Driving Technology» орталығының базасындағы Changan маркалы оқу-тәжірибелік жүргізушісіз көліктері қолданылып, жасанды интеллект алгоритмдері мен технологиялық шешімдер сынақтан өтті.

Бұл бастама Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде» атты Жолдауында айқындалған автопилот, жасанды интеллект және смарт-көлік технологияларын дамыту міндеттерін іске асырудағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың нақты үлгісі ретінде бағаланып отыр.

Осылайша, «мемлекет – университет – технология» арасындағы байланыс теориялық деңгейден шығып, қазақстандық жоғары оқу орындарының көлік саласы мен цифрлық экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға дайын екенін көрсетті.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.