Солтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Өңірге жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы саласындағы өндірістердің жаңғыртылу барысы таныстырылды.
Сапар аясында облыстағы қатты ірімшік өндіретін жалғыз кәсіпорын – «Eurasian Milk» сүт зауытында қоюлатылған сүт шығаратын жаңа цех іске қосылды. Жобаның жылдық өндірістік қуаты 12 мың тоннаны құрайды, ал инвестиция көлемі 5,2 млрд теңге. Кәсіпорын толықтай жергілікті фермерлерден жеткізілетін шикізатты пайдалана отырып, жоғары сапалы табиғи өнім өндіруге бағытталған. Барлық өндірістік желілер жетекші еуропалық өндірушілердің заманауи жабдықтарымен жарақтандырылған.
Жаңа өндіріс өнімді еліміздің барлық өңірлеріне жеткізуге мүмкіндік береді және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытын дамытуға үлес қосады.
Сонымен қатар өңірдегі төртінші буын санатындағы жалғыз «Жасыл Солтүстік» жылыжай кешенінің жұмысы таныстырылды. Жобаның жалпы инвестициялық құны 7,2 млрд теңгені құрайды. Аумағы 3,7 гектар болатын кешенде қазіргі таңда қияр өсірілуде, ал болашақта өнім түрлерін кеңейту жоспарланып отыр. Жылыжай жылына 3 мың тоннаға дейін өнім өндіріп, өңір қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ете алады.
Сондай-ақ «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында орналасқан саңырауқұлақ фермасының қызметі көрсетілді. Отандық инвестор жүзеге асырған жобаның жалпы инвестиция көлемі 11 млрд теңге. Кәсіпорын заманауи еуропалық жабдықтармен қамтылған және жобалық қуатына шыққан кезде жылына 2 400 тонна шампиньон мен 4 000 тонна компост өндіруді көздейді. Бұл ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 65 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Аталған жобалар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, импортты алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Дереккөз: Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі