Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің өнеркәсіптік, инвестициялық және әлеуметтік әлеуетімен танысты. Президент бірқатар өндіріс орындарын аралап, іске асырылып жатқан жобалардың барысын көрді, сондай-ақ облыстың даму жоспарлары жөнінде ақпарат алды.
Сапар фармацевтика саласындағы кәсіпорындарды аралаудан басталды. Мемлекет басшысы «Әмір және Д» ЖШС-нің қызметімен танысып, медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар шығаратын негізгі цехтардың жұмысын көрді. Кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтауға арналған жедел тестілер өндіреді. Компания портфелінде 200-ден астам медициналық бұйым бар, мұнда 94 адам еңбек етеді.
Сондай-ақ Президентке еліміздегі жетекші медициналық бұйым өндірушілердің бірі саналатын «Super-pharm» компаниясының жұмысы таныстырылды. Зауытта 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді және отандық нарықтағы бір реттік медициналық бұйымдарға деген сұраныстың шамамен 30%-ын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы отандық фармацевтиканың дамуы импортқа тәуелділікті азайтып, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыратынын атап өтті.
Келесі нысан – «Тараз» шағын индустриалдық аймағы болды. Мұнда Президентке өңірге инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өнеркәсіпті әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жобалар таныстырылды. Биылдың өзінде Жамбыл облысына 599,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 33%-ды құраған. Соңғы екі жылда жалпы құны 242 млрд теңгеге тең 56 жоба іске қосылған.
Мемлекет басшысына «Қазфосфаттың» минералды тыңайтқыштар өндіру жобасы, YONGGANG CENTRAL IRON and STEEL компаниясының металлургия зауыты, «ЕвроХим-Қаратау» жобасының аралық нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар Шу ауданындағы жүгері өңдеу зауытына 1,5 млрд доллар инвестиция салынғаны, Байзақ ауданында қант зауытының құрылысы жүріп жатқаны айтылды. Индустриалдық аймақта ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өндірістер де бар.
Президент сапар барысында биыл іске қосылған Dala Glass әйнек өндіру зауытында да болды. Жоба құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 500 мың шаршы метр әйнек шығаруды жоспарлап отыр, қазіргі таңда мұнда 50 адам жұмыс істейді.
Сапар қорытындысында Мемлекет басшысы аймақ жұртшылығымен кездесіп, өңірдің даму қарқынына тоқталып, инвестиция мен инфрақұрылымның маңызын атап өтті.
«Биыл Жамбыл облысына 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. ... Еліміз қуатты болуы үшін ең алдымен, аймақтар қуатты болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары өңірде ондаған мектеп пен денсаулық сақтау нысаны салынған, мыңдаған жұмыс орны ашылған, жүздеген елді мекен газбен қамтылған. Бұл Жамбыл облысының экономикалық әлеуеті күшейіп келе жатқанын және алдағы уақытта да өсімнің сақталатынын көрсетеді.