Қазақстан Үкіметі отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған жүйелі шешім қабылдады, деп хабарлайды QazMonitor.
Әуежай инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету және салық жүктемесін азайту бойынша қабылданған мемлекеттік шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде мамандандырылған авиаотын операторы – «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниясы) халықаралық әуе компанияларына сапалық тұрғыда жаңа шарттар ұсынды.
2026 жылғы қаңтардан бастап шетелдік жүк және жолаушы тасымалдаушылар үшін әуе кемелерін «қанатқа дейін» жанармаймен қамтамасыз ету құны нарықтық конъюнктураны ескере отырып, авиациялық керосиннің бір тоннасына 930-1000 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендетілді. Бұған дейін республикалық маңызы бар қалалардың әуежайларында бұл баға шамамен 1200 долларды құраған.
Аталған шара авиаотын нарығын ашық әрі болжамды етуге бағытталған Үкіметтің жүйелі саясаты аясында жүзеге асырылуда. Авиаотын құнының төмендеуі, авиаотын операторларының халықаралық тәжірибесін енгізу және нарықта бірыңғай бәсекелес шарттарды қалыптастыру Қазақстанды өңірдегі негізгі авиациялық транзиттік хабтардың біріне айналдыруға берік негіз қалайды.
Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз-Аэро» Turkish Airlines, Turkish Cargo, FlyDubai, Red Sea, Air Cairo, Somon Air, FlyMeta және Silk Way West Airlines секілді бірқатар жетекші халықаралық әуе компанияларымен әуе кемелерін «қанатқа дейін» жанармаймен қамтамасыз ету бойынша тікелей келісімшарттар жасаған.
Авиаотынның жаңа бірыңғай құны Lufthansa, Emirates, Qatar Airways, Air China сияқты ірі әуе компанияларын, сондай-ақ әлемдегі жетекші жүк тасымалдаушыларды еліміздің әуежайларына тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкіметтің авиаотын ресурстарын жеткізушілер географиясын кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында «ҚазМұнайГаз» «ҚазМұнайГаз-Аэро» еншілес компаниясы арқылы қазақстандық логистикалық компаниямен бірлесіп, Қытайдағы Dushanzi Petrochemical мұнай-химия зауытынан Jet A-1 маркалы авиациялық отынның сынақ партиясын тікелей өндірушіден жеткізді.
Алдағы уақытта бұл авиаотынды Қазақстан әуежайлары арқылы ұшатын, соның ішінде халықаралық әуе компанияларының әуе кемелерін «қанатқа дейін» жанармаймен қамтамасыз ету үшін пайдалану жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, Үкімет тарапынан жасалған жағдайлар авиаотынның ірі жеткізушілерінің бірі ретінде ҚазМұнайГаз-Аэро-ға халықаралық әуе компаниялары үшін бәсекеге қабілетті баға ұсыныстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.