Қазақстандық теннисшілер Аустралия ашық чемпионатын сәтті бастап отыр. Әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтаса, әлемдік рейтингте 10-орында тұрған Александр Бублик турнирдің үшінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды QazMonitor.
Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бастапқы матчта әлемнің 100-ракеткасы, словениялық Кайя Юванды екі сетте жеңді. Алғашқы партия 6:4 есебімен аяқталса, екінші сетте қазақстандық спортшы 6:3 есебімен басым түсті. Бір сағат 12 минутқа созылған матч барысында Рыбакина 5 эйс жасап, екі брейк-пойнтты толық пайдаланды. Келесі кезеңге шығу үшін ол әлемнің 77-ракеткасы, франциялық теннисші Варвара Грачевамен кездеседі.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик екінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичтен басым түсті. Үш сетке созылған кездесуде Бублик 7:5, 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Тартысты өткен матчта қазақстандық спортшы шешуші сәттерде брейк жасап, бастаманы өз қолына ала білді.
Осы жеңістен кейін Александр Бублик алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына өтті. Қазақстан теннис федерациясы ол енді төртінші айналымға жолдама алу үшін әлемнің 62-ракеткасы, аргентиналық Томас Мартин Этчеверримен кездесетінін хабарлады.