Италияда өтіп жатқан ХХV қысқы Олимпия ойындарының алтыншы жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды QazMonitor. 22 ақпанға дейін жалғасатын дүбірлі додада Қазақстан құрамасы бірқатар спорт түрінен маңызды нәтижелерге қол жеткізді.
Фристайл-могулда Павел Колмаков финалға жолдама алып, шешуші кезеңде өнер көрсетті.
Әйелдер арасындағы могул бәсекесінде үш бірдей қазақстандық спортшы іріктеуден сәтті өтіп, финалға шықты. Нәтижесінде олар жарысты үздік 20 спортшының қатарында аяқтады.
Конькимен жүгіруде Надежда Морозова алтыншы орын иеленіп, бұл көрсеткіш әзірге ұлттық құраманың ең жоғары нәтижелерінің бірі болып отыр.
Мәнерлеп сырғанауда Михаил Шайдоров Олимпиададағы алғашқы жарысын сенімді бастады. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша бесінші орын алған спортшы ертең еркін бағдарламада бақ сынайды.
Алдағы күндері конькимен жүгіру мен шорт-тректегі негізгі қашықтықтар өтеді. Сонымен қатар фристайл-акробатика жарыстары әлі алда.