Қарағанды облысында кәсіби гидтерді даярлау және сертификаттау бағдарламасы басталды. Жоба ішкі туризмді дамытуға, экскурсиялық қызмет сапасын арттыруға және кәсіби туризм ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Бес күндік оқу курсын тәжірибелі гидтер, туристік компания өкілдері және туризм саласына қызығушылық танытқан өңір тұрғындары қоса алғанда 14 адам аяқтап, ресми сертификат алды. Бағдарлама өңірдің тарихы мен мәдениетін, экскурсия жүргізу әдістемесін, қауіпсіздік, алғашқы көмек, коммуникация және маршруттарды насихаттау негіздерін қамтыды.
Туризм басқармасының мәліметінше, сертификатталған гидтер туристер үшін өңірдің алғашқы әсерін қалыптастырады және қауіпсіз, сапалы маршруттарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Биыл Қарағанды облысына ТМД елдерімен қатар Қытай, Германия, Финляндия және Франциядан туристер келген.
Оқыту теория мен практиканы ұштастыра отырып, отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен өткізілді. Курс емтихан тапсырумен аяқталып, заң талаптарына сәйкес сертификат берілді. Алдағы уақытта мұндай оқу семинарларын жалғастыру және жаңа туристік маршруттарды әзірлеу жоспарланып отыр.
Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі