Алматының биік шыңдары мен заманауи инфрақұрылымы еуропалық саяхатшыларды таңғалдырды. Испанияның беделді туристік журналы Қазақстан мегаполисін Инсбрук пен Гренобль сынды әлемдік деңгейдегі орталықтармен бір қатарға қойды, деп хабарлайды QazMonitor.
Испанияның беделді Viajar журналы Алматыны тау бөктерінде орналасқан және қала орталығынан тау шаңғысы трассаларына жылдам жетуге болатын әлемдегі ең бірегей бес қаланың қатарына енгізді. Бұл мәртебелі тізімде Алматы Инсбрук (Австрия), Гренобль (Франция) және Зальцбург (Австрия) сияқты қысқы туризмнің «алпауыттарымен» иық тіресті.
Мақаланың жарық көруіне Almaty Tourism Bureau қолдауымен ұйымдастырылған арнайы пресс-тур негіз болды. Испаниялық журналистер қаланың табиғи сұлулығын, мәдени ерекшелігін және заманауи сервисін өз көзімен көріп қайтқан.
Басылым авторлары әсіресе Шымбұлақ тау шаңғысы курорты мен Медеу биік таулы мұз айдынына таңданысын жасырмады. Шымбұлақтағы аспалы жолдың туристерді теңіз деңгейінен 3000 метрден астам биіктікке небәрі санаулы минуттарда жеткізуі - еуропалық стандарттар бойынша жоғары көрсеткіш.
«Әсіресе, Шымбұлақ тау шаңғысы курортына ерекше назар аударылған. Мұндағы аспалы жол қонақтарды теңіз деңгейінен 3 мың метрден астам биіктікке көтерсе, әлемдегі ең биік таулы ашық мұз айдыны орналасқан Медеу кешені де тамсандырды. Аспалы жолмен жоғары көтерілу ұмытылмас әсер сыйласа, қаланың бай мәдени және гастрономиялық өмірі Алматыны саяхатшылар үшін бұрынғыдан да тартымды ете түседі», делінген Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Viajar журналы 1978 жылдан бері шығып келе жатыр. Алматының оның тізіміне енуі жай ғана туристік рейтинг емес, бұл — қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.