Венада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) қызметін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Түркі апталығы» аясында ауқымды гала-концерт өтті. Әйгілі MuTh концерттік-театр залында өткен іс-шараға Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері қатысты, деп хабарлайды QazMonitor.
Аталған мәдени іс-шара ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуды көздейді. Бағдарлама аясында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің шығармашылық ұжымдары түркі халықтарының бай мұрасы - ұлттық музыкасы мен би өнерін еуропалық көрерменге таныстырды.
Концертке қатысқан қазақстандық өнерпаздар ұлттық классика мен заманауи трендтерді шебер ұштастыра білді. Атап айтқанда белгілі хореограф Әнел Марабаева қазақ би өнерінің эталоны саналатын «Аққу» биін орындады. Опера әншісі Әйгерім Алтынбек «Алқоңыр» әнімен қазақ вокал мектебінің деңгейін көрсетті. Ал халықаралық сахналарда танылып жүрген Temirlan & Yernat дуэті «Alem» күйін орындап, дәстүрлі аспаптық музыканың жаңаша тынысын паш етті.