Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Тұлғалар
  3. Инсульттен кейін сөз құрай алмау: Ауыл оқушысы оның шешімін тапты
  1. Жаңалықтар
  2. Тұлғалар
Astana, Kazakhstan • 22 қаңтар, 2026 | 16:08
4 мин. - оқу уақыты

Инсульттен кейін сөз құрай алмау: Ауыл оқушысы оның шешімін тапты

Қазақстандық оқушы сөйлеу қабілеті бұзылған жандарға арналған Soile AI қосымшасын жасады

Фото Үкілі Омарованың архивінен
Фото Үкілі Омарованың архивінен

Алматы облысы, Қарабұлақ ауылының 11-сынып оқушысы Үкілі Омарова әлемдік деңгейдегі өзекті проблеманың шешімін ұсынды. Оның Soile AI стартабы сөйлеу қабілетінен айырылған азаматтармен тілдесуге көмектеседі. Бүгінде стартап халықаралық патентке ие, деп хабарлайды QazMonitor.

Отбасылық оқиғадан туған идея

Көптеген стартаптар нарықты зерттеуден басталса, Үкілінің жобасы жеке оқиғадан басталған. Оның ата-әжесі инсультпен бетпе-бет келгенде, жақын адамдарының арасындағы байланыс үзіліп қалғандай болғанын еске алды.

Бұл ауыртпалық оқушының санасында «Неге оларды түсінетін құрылғы жоқ?» деген сұрақты қалдырды. Бір жыл бұрын IT әлемімен танысқан Үкілі өз сұрағына жауапты технологиядан іздей бастады.

Хакатоннан алғашқы жеңіске дейін

Үкілі «бағдарламалау» мен «стартап» терминдерін алғаш естігенде-ақ, бұл саланың мүмкіндігі шексіз екенін түсінді. Алғашқы хакатондардың бірінде ол бала кездегі арманын ЖИ арқылы жүзеге асыруды ұйғарды.

Айтуынша, зерттеу нәтижесі таңғалдырған: әлемде 800 миллионнан астам адамның сөйлеу қабілеті бұзылған. Бұл мәлімет оның дұрыс бағытта екенін көрсеткендей, осылайша осы бастамасы ІT-Fest 2024 жеңімпазы атандырды.

Фото Үкілі Омарованың архивінен

Мәлімет жинау: 24 800 бірегей жазба

Медициналық стартапты дамыту - үлкен қажырлылықты қажет ететін іс. Әсіресе, ЖИ-ді үйретуге қажетті дауыс базасы жоқ кезде жұмыс екі есе қиындайды. Үкіліге әр емделушінің есігін қағып, дауыс жазып алуға рұқсат сұрауға тура келген.

Үкілі датасеттер жинау үшін 19 клиникамен және логопедтермен ынтымақтастық орнатқан. Жоба басталғалы команда жиналған жазбалармен модельді қазақ тіліндегі 88,5 сағаттық материал негізінде оқытып шықты.

Фото Үкілі Омарованың архивінен

Soile AI қалай жұмыс істейді?

Бүгінде Soile AI-ды пайдалану үшін қарапайым смартфон жеткілікті. Telegram-бот арқылы жұмыс істейтін жүйе сөйлеу қабілеті бұзылған адамның дыбысын мәтінге айналдырып, оны анық дауыспен оқып береді. Қазір жоба Play Market пен App Store-ға шығуға дайындалып жатыр.

90 миллиард долларлық нарық 

Үкілінің сөзінше, қазір оның жобасына инвесторлар ғана емес, халықаралық компаниялар да қызығушылық танытып жатыр. Тіпті шетелдік медициналық компания оны сатып алғысы келген, бірақ жас стартапер бас тартқанын айтады. 

Қазіргі таңда Үкілі  С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің резиденті. Оның командасында тағы екі адам бар, ол екеуі де мектеп оқушысы: бірі маркетингпен, екіншісі техникалық қолдаумен айналысса, Үкілі жобаның негізін қалаушы және СЕО сы ретінде стратегиялық шешімдерге жауапты. Ең қызығы, олар бұл жобаны нөл теңгемен бастаған.

Үкілі Омарованың оқиғасы - ауыл мектебінде оқып-ақ, әлемдік технологиялық мәселені шешуге болатынының жарқын дәлелі. Soile AI тек қазақстандық қана емес, жаһандық инклюзия саласындағы серпіліс болуы мүмкін. Қазір ол жобаның ауқымын кеңейту: датасетті ұлғайту, қоңырауларды интеграциялау және пайдаланушыларға арналған қосымшалармен жаппай нарыққа шығуды жоспарлап отыр.

 

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.