Астанада Қазақстан, Оңтүстік Корея және Ресей театрларының бірлескен халықаралық жобасы – «Париждегі екі әйел» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды QazMonitor. Қазақстан тарапынан қойылымға Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының әртістері қатысты. Сонымен қатар Ресейдің Станиславский атындағы Электротеатры мен Оңтүстік Кореяның PIAC театрының актерлері де сахнада өнер көрсетті.
Спектакльдің оқиғасы 1940-жылдары Парижде өрбиді. Сюжет корей халқының тұңғыш кәсіби суретшісі, тәуелсіздік жолындағы қозғалыс белсендісі На Хэ Сок пен Антон Чеховтың «Шие бағы» пьесасындағы әдеби кейіпкер Раневская арасындағы диалогқа негізделген. Олардың символикалық кездесуі арқылы тарихи оқиғалар, тәуелсіздік үшін күрес және жауапкершілік сияқты тақырыптар қозғалады.
Айта кетейік, спектакльдің премьерасы 2025 жылы Сеулде өткен. Астанадағы қойылым Корея Республикасының Елшілігі жанындағы Корей мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.