Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясындағы аспаптарға арналған көрме ашылды
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 20 ақпан, 2026 | 12:16
1 мин. - оқу уақыты

Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясындағы аспаптарға арналған көрме ашылды

Әлемдік жұлдыздың музыкалық аспаптары мен сахналық костюмдері Алматыдағы музейде көрермен назарына ұсынылды

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

2026 жылғы 18 ақпанда Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Қазақстанның Халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясынан құралған «Димаш: бір дауыс – мың ел» атты көрме ашылды, деп хабарлайды QazMonitor Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге өнер иесі арнайы қатысып, көрменің тұсауын өзі кесті.

Көрмеге Димаштың жеке қорынан 70 музыкалық аспап қойылған. Олардың арасында әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер тарту еткен аспаптар бар. Сондай-ақ сахналық костюмдері де ұсынылды. Әсіресе, Майкл Джексоннің жеке стилисті Гоко Залдидің Димаш үшін әзірлеген сахналық киімі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Көрменің ең әсерлі сәттерінің бірі – Димаш Құдайбергеннің музей қорына өзінің жеке екі домбырасын табыстауы болды. Бірі – атасынан бала кезінде сыйға алған домбырасы, екіншісі – әншінің қолтаңбасы бар аспабы. Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы өнер иесіне қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының домбырасының дәл көшірмесін сыйлады.

Көрменің рухани-маңызды екенін Димаштың әкесі, Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев атап өтті. Ол көрменің тек жеке коллекцияны таныстыру ғана емес, ұлттық өнерді дәріптеп, әлем халықтарының музыкалық мұрасын бір кеңістікте көрсетуге арналғанын айтты.

Димаштың анасы Светлана Айтбаева аспаптардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар екенін, олар әлемнің әр түкпірінен жиналған құнды дүниелер екенін атап, барлық сыйға тартушыларға алғыс білдірді.

Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстанның өкілі Нышанкүл Қаратаева, мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ және әншінің жанкүйерлері қатысты.

«Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесі өнердің ұлттық шекараларды танымауын көрсететін, мәдениеттерді тоғыстырған ауқымды экспозиция болып отыр. Көрме келушілерге әншінің шығармашылық әлемін тереңірек танып, ұлттық музыкалық аспаптардың бай мұрасын сезінуге мүмкіндік береді.

Көрме 1 ай бойы Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24а мекенжайындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде жалғасады. 

 

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.