«Астана Балет» сахнасында 6-7 наурызда халықаралық әйелдер күніне арналған Gala Ballet мерекелік кеші ұйымдастырылады, деп хабарлайды QazMonitor. Бағдарлама классикалық мұра жауһарлары мен заманауи хореографиялық қойылымдардан тұрады. Кешті бас дирижер Арман Оразғалиев жетекшілік ететін симфониялық оркестр сүйемелдейді.
Бірінші бөлімде хореографиялық миниатюралар, сондай-ақ Петр Чайковскийдің музыкасына Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» балеті көрсетіледі. Бағдарламада Арам Хачатурянның «Спартак», Сергей Рахманиновтың «Көктемгі қарғын су», Адольф Аданның «Жизель», Камил Сен Санстың «Аққу», Людвиг Минкустың «Дон Кихот» және басқа да балет үзінділері бар.
Наурыз айында астаналық ұжым басқа да концерттік бағдарламалар ұсынады: 13-14 наурызда – «Carmina Burana» балет-кантатасы, 21 наурызда – симфониялық оркестрдің «Therapy. Jazz Night» концерті, ал 27-28 наурызда көрермендер «Орфей мен Эвридика» балеті мен «Bolero X» бір актілі заманауи балеттің премьерасын тамашалай алады.