Қазақфильм және Меңтай киномузейі бірлесіп ұйымдастырған экспозиция Қазақ КСР-нің Халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығы мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергеновтің 80 жылдығына арналды, деп хабарлайды QazMonitor.
Көрме аясында «Кәукен Кенжетаев» кітабының тұсаукесері өтті. Басылымда актердің шығармашылық жолы, өмір белестері және ұлттық мәдениетке қосқан үлесі көрсетілген. Кеш барысында Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры әртістері өнер көрсетті.
Экспозицияда Меңтай Өтепбергеновтің жеке коллекциясындағы 200-ге жуық киноафиша, 1932–1990 жылдар аралығында шығарылған фотокамералар, ашық хаттар, кино журналдары мен фотоматериалдар қойылған.
Іс-шара соңында Кәукен Кенжетаев қатысқан «Гауһар тас» фильмі жаңартылған нұсқада алғаш рет көрсетілді. Сонымен қатар, Меңтай Өтепбергеновтің басты рөлін сомдаған «Странный мир желаний и надежд» фильмі де көрермен назарына ұсынылды.