Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Ұлттық тәрбие мен зияткерлік майданы: Шах-Мұрат Ордабаев дубляж бен мәдени код туралы
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 28 сәуір, 2026 | 16:30
2 мин. - оқу уақыты

Ұлттық тәрбие мен зияткерлік майданы: Шах-Мұрат Ордабаев дубляж бен мәдени код туралы

Бүгінде қазақ тілі тек оқулықтың шеңберінен шығып, креативті ортаға айналып келеді, дейді режиссер

Фото: mustafinmag.kz
Фото: mustafinmag.kz

Қазіргі отандық кино нарығы кассалық табыс пен түрлі деңгейдегі туындыларға толы. Бірақ экранның арғы бетіндегі дыбыс пен тіл тазалығы, әсіресе «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясындағы мазмұн сапасы жиі назардан тыс қалады. Бұл бағытта халықаралық деңгейдегі маман, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтары бар, деп хабарлайды QazMonitor.

Оның пайымдауынша, кәсіби актерлік шеберлік пен сапалы дыбыстау — жай ғана техникалық процесс емес, бұл ұлттық кодты сақтаудың төте жолы.

Шах-Мұрат шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді қазақша сөйлету кезіндегі басты қателік — құрғақ, механикалық аударма екенін алға тартады. Оның ойынша, әрбір туынды біздің халықтың ішкі болмысына сәйкес келуі тиіс.

«Мәселен, қазақ қоғамында үлкенге құрмет көрсетудің өз этикасы қалыптасқан. Батыстың моделіне салып, ересек адамды есімімен атау біздің табиғатымызға жат. Дубляж жасағанда осы секілді мәдени нәзіктіктерді ескеру — кәсіби міндет», — дейді ол.

Маманның пікірінше, тілдің шынайылығы отбасылық лексика мен дұрыс интонацияда жатыр. Режиссер тілді шұбарлайтын, «сән» үшін қосылатын шетелдік сөздерге үзілді-кесілді қарсы. Ол ана тіліміздегі әдемі баламаларды пайдалану арқылы ғана тілдік ортаны сақтап қала алатынымызды ескертеді.

TikTok трендтері: Тіл — жастардың өзін тану құралы

Бүгінде жас буынның қазақ тіліне деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп келеді. Қазақ тілі енді тек сабақ кестесіндегі пән емес, ол — креативті индустрияның ажырамас бөлшегі. Шах-Мұрат бұл үрдісті әлеуметтік желілердегі жастардың белсенділігінен көріп отыр.

«Қазақша дубляжға деген сұраныс тілдің мәртебесін көтерді. Бүгінде TikTok желісінде жастардың өз бетінше кадрларды дыбыстап, өзара жарысып жатқаны — қуантарлық жайт. Бұл қазақ тілінің шығармашылық пен кәсіби өсудің нақты құралына айналғанын дәлелдейді», — деп түйіндеді режиссер.

Технология мен актерлік шеберлік

Қазіргі технологиялық даму кезеңінде жасанды интеллект көптеген мамандықтың орнын басуда. Алайда, Шах-Мұраттың сенімінше, актерлік өнер мен дубляждағы адамның ішкі тебіренісін ешқандай алгоритм алмастыра алмайды. Өйткені бұл жерде тек дауыс емес, зияткерлік деңгей мен эмоция басты рөл атқарады.

«Қазақстан балалары» концепциясының негізгі өзегі де осы — баланың дүниетанымын дұрыс бағытта қалыптастыратын сапалы, мағыналы дүниелер ұсыну. Режиссердің тәжірибесі көрсеткендей, дұрыс жасалған дубляж — балаға тіл үйретіп қана қоймай, оның тұлғалық қасиетін тәрбиелейтін маңызды құрал.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.