«Астана Опера» театры Ресейдің Сочи қаласында өткен «Сириус – Роза Хутор» халықаралық өнер фестиваліндегі гастрольдік сапарын аяқтады. Қорытынды кеште ұсынылған Nomad Ballet бағдарламасы Ұлы дала тарихы мен мәдениетін заманауи хореографиямен үйлестіріп, қазақ ұлттық өнерінің жаңа қырын паш етті, деп хабарлайды QazMonitor.
«Роза Холл» концерт залында театрдың балет труппасы мен HasSak этно-фольклорлық тобы бірлескен бағдарлама ұсынды. Би өнері, дәстүрлі музыкалық аспаптардың әуені және сахналық безендіру біртұтас көркемдік кеңістік қалыптастырып, ұлттық болмыс, ел тарихы мен ұрпақтар сабақтастығы идеясын көрерменге әсерлі жеткізді.
Бағдарламаға «Той бастар», «Аралым», «Қилы заман», «Мәңгүрт» және басқа да хореографиялық қойылымдар енді. Сонымен қатар көрермен назарына «Мәңгіліктің төрт сыры» жаңа балетінен дуэт ұсынылды. Кештің шарықтау шегі ретінде балет әртістері мен HasSak тобы бір сахнада өнер көрсеткен «RUH» қойылымы орындалды.
Хореограф Сұлтанбек Ғұмардың қойылымдары қазақтың ұлттық болмысын классикалық және заманауи бидің үйлесімі арқылы бейнеледі. Қойылымдардың көркемдік ерекшелігі ретінде хореографияның ұлттық музыкалық аспаптардың үнімен табиғи үндестігі айрықша көрініс тапты.
«Астана Операның» Сочидегі гастрольдік бағдарламасы 11–16 шілде аралығында өтті. Осы уақыт ішінде театр Ролан Петидің хореографиясымен қойылған Лео Делибтің «Коппелия» балетін, сондай-ақ әлемдік классика мен заманауи хореография жауһарларынан құралған гала-концертті де көрермен назарына ұсынды.