Астанадағы №5 «Ақбота» балабақшасында мектеп жасына дейінгі балалардың кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды QazMonitor,
Жобаның негізгі мақсаты – заманауи технологиялар арқылы балалардың кітап мазмұнын түсінуіне, ойлауына және шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау.
Бастаманың басты ерекшелігі – кітап, жасанды интеллект және ART-терапияның бір жүйеге біріктірілуі. Балабақшада арнайы «Ақылды кітапхана» кеңістігі құрылып, балаларға арналған электрондық интерактивті платформа әзірленген.
Жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен бала ертегімен танысып, оны тәрбиешіден немесе ЖИ көмегімен тыңдайды. Кейін виртуалды кейіпкермен сөйлесіп, сұрақ қояды, оның әрекеттерін талдап, өз ойын білдіреді.
Одан соң балалар ертегі желісі бойынша квест тапсырмаларын орындап, оқиғалардың ретін анықтайды, сұрақтарға жауап береді және шешім қабылдайды. Бұл олардың зейінін, есте сақтауын және логикалық ойлауын дамытуға бағытталған.
Соңғы кезеңде ART-терапия арқылы бала ертегіден алған әсерін сурет және шығармашылық жұмыстар арқылы жеткізеді.
Жобаға ұлттық мазмұн да енгізілген. Қазақ ертегілері мен ұлттық кейіпкерлер арқылы балалардың халықтық дүниетанымы мен адамгершілік құндылықтарды тануына мүмкіндік беріледі.
Жасанды интеллект кітаптың орнын алмастырмайды. Керісінше, ол баланың шығармаға қызығушылығын арттыратын құрал ретінде пайдаланылады.
Платформаны телефон, планшет, компьютер, интерактивті панель және смарт-теледидар арқылы қолдануға болады. Оны балабақшада да, үй жағдайында ата-анамен бірге де пайдалануға мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта платформаны жаңа ертегілермен, кейіпкерлермен және танымдық тапсырмалармен толықтыру жоспарланып отыр.