Астаналық зейнеткер, педагог әрі жазушы Маржан Пірімбетова ұзақ жылдар бойы жинаған отбасылық кітапханасын оқырман қауымының игілігіне ұсынды. Ол үйінде сақталған 3500-ге жуық кітапты орталыққа тегін сыйға тартты. Осылайша жеке кітап қорын баршаға ортақ рухани қазынаға айналдырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Мен бұл кітаптарды осында келетін оқырмандар, орталық қызметкерлері және басқа да адамдар пайдаланып, пайдасын көрсін деген ниетпен сыйладым. Мен үшін кітап – орасан зор рухани байлық. Оны өзің оқып қана қоймай, өзгелермен де бөлісу маңызды», – дейді Маржан Пірімбетова.
Кейіпкеріміздің кітапқа деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Бүгінде ол өмірінде 3000-нан астам кітап оқығанын айтады. Ұзақ жылдар бойы педагогикалық қызметпен айналысып, журналистика мен шығармашылық саласында ізденіс жүргізе жүріп, кітап жинауға да ерекше көңіл бөлген. Соның нәтижесінде жылдар бойы қалыптасқан бай кітап қоры бүгінде орталық оқырмандарына қызмет етіп отыр.
Маржан Пірімбетова кітап оқуды жеке әдет қана емес, адамдарды біріктіріп, пікір алмасуға мүмкіндік беретін мәдени орта қалыптастыратын құрал ретінде бағалайды. Сондықтан ол орталықта кітап оқу және оқылған шығармаларды талқылауға арналған түрлі кездесулер мен конференциялар ұйымдастырады.
«Мен оқитын қоғам қалыптастыру мақсатында кітап оқу тақырыбында үнемі конференциялар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырамын. Онда оқыған кітаптарымызды бірге талқылап, пікір алмасып, қорытынды жасаймыз. Жақында оқу үшін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Дулат Исабековтің «Қарғын», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй», Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романдарын таңдадық», – дейді ол.