Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің студенттеріне арналған екі апталық «Қазақ тілін үйрену бағдарламасы» басталды. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оксфорд университетінің Вольфсон колледжі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – шетелдік студенттерге қазақ тілінің негізін меңгерту, ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және Қазақстанның тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері мен ұлттық құндылықтарын таныстыру. Бастама Ұлыбританияның білім беру бағдарламаларына қазақ тілін енгізуге бағытталған Oxford Birsöz жобасының практикалық жалғасы болып саналады.
Бағдарлама барысында Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілінің негізгі грамматикалық құрылымдары мен сөздік қорын меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын жетілдіреді. Сабақтарды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор-оқытушылары заманауи әдістемелер негізінде жүргізеді.
Бағдарлама аясында тіл сабақтарымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған дәрістер, мәдени-ағартушылық кездесулер мен практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрі, қолөнері мен ұлттық тағамдарымен танысады.
Сондай-ақ Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына танымдық сапарлар ұйымдастыру жоспарланған. Бағдарлама қатысушылары аталған қалалардағы тарихи-мәдени ескерткіштермен, киелі орындармен және сәулет нысандарымен танысады.
Бұдан бөлек, Оксфорд университетінің студенттері Ахмет Ясауи университетінде өтетін «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуіріндегі ғылыми трансформация» III халықаралық симпозиумына қатысады.