26-27 қыркүйекте Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» креативті көрмесі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QazMonitor.
Көрмеде Батыс Қазақстанның шығармашылық әлеуеті таныстырылып, жергілікті брендтер мен авторлық туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Жәрмеңкеге қолөнер шеберлері, суретшілер, зергерлер, дизайнерлер, ағаш және тері өңдеу саласының 40-тан астам маманы қатысты.
Келушілерге музыкалық аспап жасау, ағаш өңдеу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
Іс-шара бағдарламасында жергілікті дизайнерлердің сән топтамалары да таныстырылды. «Мария ханым» сән үйі, AS_brands.kz және «ДариЛили» сән орталықтары өз коллекцияларын ұсынды.
Көрме аясында Батыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы да кеңінен насихатталды. «Балбалтас баяны» және «Музей мұрасы» жобалары арқылы өңірдің тарихы мен құнды жәдігерлері таныстырылды. Сонымен қатар «Долана» мультфильмі көрсетілді.
Екі күн ішінде көрмеге 3 мыңға жуық адам келді. Өңір креаторлары жалпы құны 5 млн теңгенің өнімін сатты.
Creative Aimaq жобасы өңір креаторларын қолдауға, отандық брендтерді танытуға және олардың өнімдерін нарыққа шығаруға жағдай жасауға бағытталған. Жоба аясында ұлттық мұраны дәріптеу және креативті кәсіпкерлікті дамытуға да басымдық беріледі.