5-8 қазан аралығында Түркістанда өткен ТҮРКСОЙ халықаралық студенттік театр фестивалінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері «Үздік классикалық спектакль» аталымын жеңіп алды. Қазылар алқасы Мұхтар Әуезовтің пьесасы негізінде сахналанған «Қарагөз» қойылымын жоғары бағалады.
Фестивальге Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркияның шығармашылық ұжымдары қатысты. Төрт күн бойы жас өнерпаздар өз қойылымдарын ұсынып, актерлік шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар түркі елдерінің сахна өнеріндегі ерекшеліктерімен танысып, кәсіби тәжірибе алмасты.
«Қарагөз» спектаклін академияның «Драма театры және кино артисі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері сахналады. Қойылымның режиссері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали.
Халықаралық фестиваль түркі елдерінің жас театр әртістеріне шығармашылық тәжірибе алмасып, ұлттық сахна өнерін танытуға мүмкіндік берді.