Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Алматы музейлері халықаралық стандарттарды енгізіп жатыр
  1. Жаңалықтар
  2. Мәдениет
Astana, Kazakhstan • 08 қаңтар, 2026 | 13:44
1 мин. - оқу уақыты

Алматы музейлері халықаралық стандарттарды енгізіп жатыр

Музей мамандары Оңтүстік Кореяның ең үздік мәдени ошақтарында тағылымдамадан өтті

Алматы әкімдігі
Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Музейлер бірлестігі мен Корея Республикасы арасындағы тығыз байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Сеул және Кёнджу қалаларының жетекші мамандары қазақстандық әріптестері үшін арнайы шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Енді мегаполис музейлерінде жәдігерлерді сақтау мен қалпына келтірудің әлемдік стандарттары қолданыла бастайды.

Айта кетерлігі, бұл біліктілік арттыру бағдарламасы халықаралық ынтымақтастық аясында тегін жүзеге асырылды.

Кореяның музей ісі технология мен дәстүрдің озық үлгісі ретінде белгілі. Алматылық мамандар теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларын да шыңдады. Оқу бағдарламасы жәдігердің ғұмырын ұзарту үшін температура, ылғалдылық пен жарық деңгейін автоматты түрде реттеу, реставрация және консервация, сондай-ақ экспонаттарды көрмелерге жеткізу кезіндегі ерекше қауіпсіздік хаттамаларын меңгеруден тұрды.

Тағылымдама аясында қазақстандық делегация Кореяның Ұлттық музейі, Корея Ұлттық фольклор музейі және Сеул тарихы музейі бастаған оннан астам ірі нысанның ішкі жұмысын зерделеді. Әсіресе, ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген Кёнджу археологиялық кешенінің «ашық аспан астындағы» жұмыс істеу тәсілі ерекше қызығушылық тудырды.

Алматы мен Сеул арасындағы бұл байланыс кездейсоқ емес. 2022 жылы екі қаланың музейлер бірлестігі меморандумға қол қойып, мәдени алмасуды бастаған болатын. 2022 жылы Сеулде «Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі өтіп, корей халқы қазақ мәдениетімен танысса, 2024 жылы Алматыда «Сеул ғажайыптары» көрмесі өтті. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, енді музей мамандары алған білімді іс жүзінде қолданатын болады. Бүгінде мегаполис музейлері заманауи технологиялармен жабдықталып, келушілерге халықаралық деңгейде қызмет көрсетуге дайындалып жатыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.