Жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану энергия нысандарын тексеру уақытын бірнеше есе қысқартып, апаттардың алдын алу тиімділігін арттыруда, деп хабарлайды QazMonitor.
ҚР Энергетика министрлігі салаға инновациялық технологияларды енгізу жұмыстарын жандандырды. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (АЖК) базасында іске асырылған пилоттық жоба. «aiEnergo» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында мамандар электр беру желілерін (ЭБЖ) байланыссыз диагностикалау әдісін сынақтан өткізді.
Жобаның басты ерекшелігі - жұмыс істеп тұрған желілерді токтан ажыратпай-ақ тексеру мүмкіндігі. Дрондар мен ЖИ алгоритмдерінің көмегімен қысқа мерзім ішінде 200-ден астам ЭБЖ зерттелді. Дәстүрлі әдіспен апталап жүргізілетін бұл жұмыс небәрі бірнеше сағатты алды.
Бұл технология жасырын ақауларды, конструкциялық деформацияларды және короналық разрядтарды аса жоғары дәлдікпен анықтауға жол ашты. Қазіргі таңда 110 кВ желілері үшін ақауларды жіктеу жүйелері әзірленіп, 35 кВ әуе желілеріне LiDAR мен жылу камералары арқылы мониторинг жасау ауқымы кеңейтілуде.
Бұл жұмыс «Отын-энергетика кешенін трансформациялау картасы» аясында жүзеге асырылып жатыр, негізгі платформа - EnergyTech ақпараттық жүйесі. Бұл жүйенің функционалы бірқатар артықшылықтарды ұсынады. Атап айтқанда LiDAR және фото-бейне деректер негізінде ақауларды адам факторынсыз анықтау, сонымен қатар нейрондық желілерді пайдалану арқылы ақауларды тану көрсеткіші 98%-ға жеткен. Әрбір нысанның техникалық жағдайы цифрлық дерекқорға енгізіліп, картаға байланады. Ал анықталған ақаулар туралы ақпарат автоматты түрде жөндеу (ТҚКЖ) жүйелеріне жолданады.