Жаңа оқу алаңы «жылжымайтын мүлікті басқару» мамандығы және сабақтас бағыттар бойынша білім алатын студенттер үшін тәжірибелік база ретінде құрылған, деп хабарлайды QazMonitor.
Мұнда болашақ мамандар инженерлік жүйелерді монтаждау мен қосу, жабдықтарды баптау мен бағдарламалау, датчиктер мен контроллерлермен жұмыс істеу, ақауларды анықтау және жою, сондай-ақ автоматтандырылған басқару сценарийлерін әзірлеу дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар жүйелердің жұмысын талдауға, ақауларды диагностикалауға және инженерлік әрі цифрлық шешімдердің өзара байланысын түсінуге ерекше көңіл бөлінеді.
Зертхана «ақылды үйдің» негізгі жүйелерін басқаруға арналған заманауи жабдықтармен толық жабдықталған. Қосылу құрылымы мен модульдердің жұмыс логикасын егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік беретін мөлдір панелі бар, сондай-ақ қазақстандық өндірістегі орталық басқару қалқаны орнатылған. Astana Hub резиденттері әзірлеген контроллерлер мен басқару модульдері де пайдаланылады.
Оқу процесінде студенттер қозғалыс, температура, жарықтандыру және су ағуын анықтайтын датчиктер, автоматты жарықтандыру жүйелері, бейнебақылау, ақылды есік құлыптары, жылыту мен желдетуді, перделер мен жалюзилерді басқару шешімдерімен жұмыс істейді. Барлық үдерістер мобильді қосымшалар мен дауыс арқылы басқару сервистері арқылы бапталады.
Мұндай тәжірибе студенттердің практикалық ойлау қабілетін дамытып, қазіргі технологиялармен еркін жұмыс істеуге сенімділік береді. «Ақылды үй» зертханасының ашылуы оқытудың практикаға бағытталған сипатын күшейтіп, түлектердің кәсіби ұтқырлығы мен еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.