Цифрлық технологиялардың арқасында инвестициялау құралдарына қолжетімділіктің артқаны мәлім. Инвестицияларға деген қызығушылықпен қатар, қаржылық сарапшылардың атын жамылған алаяқтар да әртүрлі құйтырқы әрекеттерге баруда, деп хабарлайды QazMonitor. Олар әсіресе әлеуметтік желілерде белсенді болады.
Сондайлардың бірі – жалған инвестициялық платформа. Алаяқтар сырт көзбен қарағанда аты мәлім компаниялардан аумайтын немесе өздерін ірі банктер түрінде көрсететін сайттар жасайды. Әлеуметтік желілерде белсенді жарнамалау арқылы мұндай «жобалар» қысқа мерзімде, кейде азғантай сомаға салымдармен «жоғары кіріске» уәде береді. Көбінесе посттардың астында «көңілдері толған» инвесторлардың жалған пікірлері жарияланады. Роликтерде нейрондық желілердің көмегімен жасалған танымал тұлғалардың бейнелері пайдаланылады. Басты мақсат – сенім туғызу және жалған инвестициялық платформаға ақша салуға үгіттеу.
Жалған платформалардың белгілері:
бейресми аккаунттардан жарнама;
сілтеме ресми сайтқа емес, бөгде ресурсқа апарады;
«кепілді» жоғары кіріс алуға уәде беру;
тез әрекет жасауға итермелеу;
қосымшаны AppStore немесе GooglePlay-ден басқалар арқылы жүктеп алу қажеттілігі.
Мұндай жағдайда:
Қаржы ұйымдарының лицензияларын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында тексеріңіз;
Банктер мен компаниялардың ресми сайттарында растаусыз жарнамаға сенбеңіз;
Платформаны толық тексергенге дейін дербес деректерді немесе ақшаңызды жібермеңіз.