Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі Massachusetts Institute of Technology (MIT) университетімен бірлесіп мектептерге арналған Day of AI Qazaqstan бағдарламасын жалпы орта білім беру жүйесіне енгізіп жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Бағдарлама оқушыларға жасанды интеллекттің жұмыс істеу қағидаттарын, оның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін және оны қолданудағы жауапкершілікті түсіндіруге бағытталған.
Сонымен қатар математика, физика, химия, биология, жаратылыстану және информатика пәндерін жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы оқытудың жаңа форматтары енгізіледі. Бұл практикалық оқытуды күшейтіп, визуализация мүмкіндіктерін кеңейтуге және есеп шығару мен жобалық жұмыстардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бағдарламаны іске асыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде оқушылар мен мұғалімдер арасында жасанды интеллект сауаттылығының негіздері қалыптастырылады. Оқу мазмұны жасанды интеллекттің базалық ұғымдарын, қолдану мысалдарын және этика мәселелерін қамтиды. Педагогтерді даярлау каскадтық модель бойынша жүргізіледі: Day of AI командасы мұғалім көшбасшыларды оқытады, олар MIT сертификатын алып, білімдерін әріптестеріне таратады. Бағдарламаны қазақстандық жағдайға бейімдеу үшін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен сарапшылардан құралған жергілікті команда жұмыс істейді.
Екінші кезеңде барлық сыныптарға арналған жасанды интеллект бойынша толыққанды пәнаралық оқу бағдарламасын әзірлеу жоспарланған. Жоба қазақстандық педагогтер мен MIT-тің MIT RAISE командасының бірлесуімен жүзеге асырылады. Бағдарлама пилоттық режимде сынақтан өтіп, кері байланыс негізінде жетілдіріледі. Әр оқу жылында бір тоқсанға есептелген жасанды интеллект сауаттылығы бойынша 8–10 сабақтан тұратын оқу модульдері енгізіледі.
Сабақтар UNESCO және OECD әзірлеген халықаралық жасанды интеллект сауаттылығы шеңберлеріне сәйкес есептеу және цифрлық бағыттағы пәндерге енгізіледі. Курсты толық оқу процесіне енгізу 2028 жылдың тамызына дейін жоспарланған.