Бүгінде Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту мемлекеттік күн тәртібінің маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы саладағы бірқатар жобалардың бастауында әйел инженерлер мен кәсіпкерлер тұр, деп хабарлайды QazMonitor.
Соның бірі – AIDENTIS стартапы. Жобаны дамытуға жетекшілік етіп отырған Асылзат Исатаеваның командасы стоматология саласында жасанды интеллектті қолданады. Жүйе рентген суреттерін талдап, адам көзі байқамайтын өзгерістерді анықтауға көмектеседі. Бұл диагностика дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Превентивті медицина бағытын инженер Алуа Мұсралина да дамытып келеді. Ол бұған дейін Германияда Audi және Mercedes-Benz компанияларының ұшқышсыз көліктерінің қауіпсіздігі бойынша жұмыс істеген. Қазір оның Umaia жобасы Hemo.Labs аналитикалық платформасының негізінде құрылған цифрлық кеңесші ретінде жұмыс істейді. Платформа зертханалық көрсеткіштер мен адамның өмір салтын талдап, денсаулықты жақсартуға арналған күнделікті әрекеттер мен тапсырмалар ұсынады. Мұндай тәсіл ауруды кеш кезеңде емдеуден гөрі, оның алдын алуға бағытталған.
Қазақстандық мамандар халықаралық технологиялық нарықта да жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Tenvos AI компаниясының тең құрылтайшысы Рима Сеилова-Олсон бұрын Kaspi компаниясының алғашқы инженерлерінің қатарында болған. Кейін ол депрессияны диагностикалауға арналған жасанды интеллект құралдарын әзірлеген Kintsugi Health жобасына қатысқан. Қазір оның командасы өндірістегі қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған технология жасап жатыр. Жүйе адамның сөйлеуін небәрі алты секундта талдап, қызметкердің шаршау немесе мас болу деңгейін анықтай алады. Бұл құрылыс, авиация және энергетика салаларындағы апаттардың алдын алуға көмектесуі мүмкін.
Жасанды интеллект бизнестегі тиімділікті арттыруға да қолданылып жатыр. Aldente AI компаниясының тең құрылтайшысы Лаура Таганова мейрамхана бизнесіндегі жеткізу қызметтерін автоматтандыруға арналған жүйе әзірледі. 500 Global қоры қолдаған технология тапсырыстарды жинау процесінің бейнесін талдап, коммуникацияны автоматты түрде жүргізеді. Қазіргі уақытта бұл шешім АҚШ-тағы ірі Panda Express мейрамханалар желісінде қолданылып жатыр.