Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Жетісу облысында жаңа Конституцияға арналған мурал жасанды интеллект көмегімен жасалды
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 16 наурыз, 2026 | 17:08
1 мин. - оқу уақыты

Жетісу облысында жаңа Конституцияға арналған мурал жасанды интеллект көмегімен жасалды

Талдықорғанда «Ата заңым – айбыным» атты арт-нысан заманауи технология мен көше өнерін біріктірген жоба ретінде таныстырылды

Фото: Дмитрий Ерофеев
Фото: Дмитрий Ерофеев

Жетісу облысында жаңа Конституцияға арналған мурал пайда болды. Оның эскизін әзірлеу барысында жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылған, деп хабарлайды QazMonitor облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ата заңым – айбыным» атты мурал «Жетісу жастары» бастамасымен жасалған. Жоба жастар арасында азаматтық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық құндылықтарды заманауи көше өнері арқылы насихаттауға бағытталған.

Муралдың салтанатты ашылу рәсіміне жастар, қоғамдық белсенділер, шығармашылық орта өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Арт-нысан Талдықорған қаласындағы тұрғын шағынаудандардың біріндегі көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына салынған.

«Jetisu jastary» КММ директоры Шамиль Ванкеевтің айтуынша, мурал елдің Ата заңына арналған.

«Жаңа Конституция ең алдымен жастарға бағытталған. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновациялар және жасанды интеллект секілді маңызды ұғымдар енгізілді. Сондықтан муралды жасау кезінде біз де заманауи мүмкіндіктерді пайдалануға тырыстық. Композиция бірлік, әділеттілік, жауапкершілік және болашаққа деген сенімді бейнелейді. Өйткені Конституция – осы құндылықтардың негізі», – деді ол.

Муралдың авторы, суретші Ернұр Бакберген бұл жобада заманауи өнер мен технологияны ұштастыруға ерекше мән берілгенін айтты.

«Мен бұл өнер түрімен кәсіби түрде алты жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқты қоғамдық маңызы бар тақырыптарға бірнеше мурал жасадым. Бұл жобаның ерекшелігі – эскизі жасанды интеллект көмегімен әзірленді. Мұндай тәсіл шығармашылық пен технологияны біріктіріп, заманауи өнердің жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді. Соның арқасында муралды шығармашылық топпен бірге небәрі үш күнде аяқтадық», – деді суретші.

Айта кетейік, бұған дейін өңір жастарының бастамасымен Жетісу облысында «Таза Қазақстан», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» тұжырымдамаларының негізгі қағидаларын насихаттау мақсатында тағы үш мурал салынған. Олар Қаратал, Көксу және Сарқан аудандарының аудан орталықтарындағы көпқабатты үйлердің қабырғаларына орналастырылған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.