Астанадағы №119 мектептің 10-сынып оқушысы Аят Тәжен өз қолымен шағын портативті ноутбук құрастырып шығарды. Жоба Raspberry Pi платформасы негізінде жүзеге асқан, деп хабарлайды QazMonitor.
Алғашында оқушы шағын компьютерді жинақтап, оны бағдарламалаған. Кейін құрылғы тестілеуден өткізіліп, жұмыс жылдамдығы, интернетке қосылу мүмкіндігі және энергия тұтыну көрсеткіштері тексерілген. Нәтижесінде құрылғының оқу процесіне және күнделікті қарапайым тапсырмаларға толықтай жарамды екені анықталған.
Жобаны жетілдіру мақсатында оқушы портативті ноутбук құрастыруға кіріскен. Ол құрылғының корпусын өз бетінше жобалап, 3D моделін әзірлеген. Корпус 3D-принтерде басылып шығарылып, ішкі құрылғылар соған орнатылған. Нәтижесінде толыққанды шағын ноутбук жасалған. Жобаны әзірлеуге шамамен екі ай уақыт кеткен.
Жетекшісі Айбала Сарбасованың айтуынша, мұндай жобалар оқушылардың инженерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Аят Тәжен IT саласына қызығушылық танытып, бос уақытында веб-жобалау, 3D модельдеу және бағдарламалаумен айналысады. Ол Python, C++, Lua және Dart бағдарламалау тілдерін меңгерген.