Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Al-Farabi AI Center ғылыми-зерттеу орталығы құрамындағы Farabi AI in Healthcare & Life Sciences Lab және Farabi Agentic AI Lab мамандандырылған зертханалары ашылды, деп хабарлайды QazMonitor.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, вице-министр Динара Щеглова, ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев, UWEE Group ротациялық төрағасы Гилберт ван Керкхове, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа зертханалардың ашылуы жасанды интеллектіні экономика мен әлеуметтік салаға енгізу жөніндегі стратегиялық міндеттерге сай келетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл алаңдар медициналық деректерді талдау, биоинженерия және дербес зияткерлік жүйелерді әзірлеу бағытындағы қолданбалы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Министр сондай-ақ гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 30-ға жуық өтінім берілгенін, ал MIT, Harvard және Stanford секілді жетекші университеттермен әріптестік орнатылғанын мәлімдеді.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтар жас таланттар мен IT-мамандар үшін тың мүмкіндіктер ашатынын айтып, мұнда медицина, өндірісті автоматтандыру және инновация бағытындағы бірегей жобалар жүзеге асатынын жеткізді.
Тұсаукесер барысында қонақтарға AlfaFlow мультимодальды платформасы, AlfaWorld цифрлық егіздер платформасы, инсульттің алдын алуға арналған AlfaBrain жүйесі және AlfaEnergy зияткерлік шешімдері таныстырылды.