Digital Kazakhstan халықаралық форумы аясында ауылдық елді мекендерді Fixed Wireless Access (FWA) технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасы таныстырылды, деп хабарлайды QazMonitor.
Жобаны «Ауыл Телеком» ЖШС жүзеге асыруда. Бастама еліміздің шалғай және экономикалық тұрғыдан қолжетімі қиын өңірлерінде заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Тұсаукесер барысында қазіргі уақытта желі 120 ауылда іске қосылғаны, сондай-ақ 120 базалық станция орнатылғаны айтылды. Жоба 67 мыңнан астам үй шаруашылығын немесе шамамен 260 мың тұрғынды қамтып отыр. Интернеттің орташа жылдамдығы 50–80 Мбит/с деңгейінде.
«Ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту – министрліктің басты міндеттерінің бірі. Байланыс операторларымен бірлескен жұмыс нәтижесінде FWA сияқты заманауи технологиялық шешімдер енгізілуде. Бұл шалғай ауылдарды жедел қосуға және цифрлық теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді», — деді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Шараның ең маңызды сәті – министрдің қатысуымен желіні символикалық түрде іске қосу рәсімі болды. Интерактивті картадағы нүктелер белсенді күйге өткеннен кейін, желіге қосылған 10 ауылдың тұрғындарымен тікелей бейнебайланыс орнатылды. Байланыс сапасының тұрақтылығы нақты уақыт режимінде көрсетілді.
«Бұрын интернет әлсіз әрі тұрақсыз болғандықтан, заманауи білім беру ресурстарын пайдалану қиын болатын. Қазір біз онлайн оқып, біліктілігімізді арттыруға және оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашуға жағдай жасадық», — деді Есбол ауылының тұрғыны, жергілікті мектеп мұғалімі Абутайр Алихан.
Жиын соңында Телекоммуникациялар комитеті мен «Ауыл Телеком» ЖШС арасында ауылдық өңірлерде цифрлық инфрақұрылымды одан әрі кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.