Алматыда ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған AFM AI Hackathon 2026 республикалық байқауының қорытындысы бойынша Toraighyrov University студенттерінен құралған команда ІІ орынды иеленді, деп хабарлайды QazMonitor.
Хакатонға еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам студент, жас зерттеуші және жасанды интеллект пен ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін әзірлеуші қатысты. Қатысушылар деректерді талдау құралдарын жетілдіруге, киберқауіпсіздікті күшейтуге және салалық міндеттерді шешуде жасанды интеллект технологияларын қолдануға бағытталған жобаларын ұсынды.
Павлодарлық студенттер сарапшылар назарына деректерді талдау мен қорғауға арналған жасанды интеллект негізіндегі серверлік қосымшаны таныстырды. Практикалық маңызы мен инновациялық тәсілімен ерекшеленген жоба қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, заманауи цифрлық технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және жастарды цифрлық трансформация мен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті міндеттерді шешуге тартуға мүмкіндік береді.
AFM AI Hackathon – сұранысқа ие технологиялық шешімдер әзірлей алатын дарынды жастарды анықтап, қолдауға және Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамытуға бағытталған маңызды алаңдардың бірі.